1218-інші жылы Шыңғыс хан Орта Азияға Омар Қожа Отрари, Жамал Марағи және басқа саудагерлер басқарған сауда көруенін жіберді, 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1218-інші жылы жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Отырар әміршісі Ғайыр хан саудагерлерді жансыз тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастап, керуенді тонап алады. Шыңғыс хан Ғайыр ханды қолыма бер деп талап етті, бірақ Хорезм шахы Екінші Мұхаммед бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, Шыңғыс хан жіберген жазықсыз елшілерді өлтіруге әмір етеді. Бұл Шыңғыс ханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды.
1219-ыншы жылы қыргүйекте Шыңғыс ханның 150 мыңға жуық қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғыс хан өзі кіші баласы Төлемен бірге Бұхараға қарай бет алды.
Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады. Тек Хорезм шахы Мұхаммед екінші көмекке жіберген әскебасы қақпаны ашып, өз әскерімен моңғолдарға берілгенде ғана моңғолдар осы қақпа арқылы қалаға лап қояды.